
Түркістан облысының табиғат жанашырлары 2023 жылы «Семей орманы» резерватында болған алапат өрт кезінде қаза тапқан орманшылардың тағдырына негізделген «38. Соңғы нүкте» көркем фильмін тамашалады.
Кино көрсетілім Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл Аймақ» КММ-нің ұйымдастыруымен өтті. Шараға басқарма басшысы Ғалымжан Төлепов бастаған қызметкерлер, сондай-ақ «Жасыл Аймақ» КММ мен «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» өкілдері және орманшылар қатысты.
Фильмге 2023 жылы «Семей орманы» аумағында болған алапат орман өрті негіз болған. Қайғылы оқиға кезінде 15 орман шаруашылығының қызметкері қаза тапты.

Картинаның басты мақсаты – қызметтік міндетін атқару кезінде өмірін қиған азаматтардың ерлігін ұлықтап, олардың рухына тағзым ету.
Фильм сюжеті табиғи апатпен бетпе-бет келген орманшылардың оқиғасы арқылы өрбиді. Кейіпкерлердің тағдыры негізінде адам өмірінің құндылығы, достық пен отбасы, азаматтық борыш пен жеке таңдау секілді маңызды мәселелер қозғалады.
Кинокартинада орманшылардың кәсіби міндеті ғана емес, төтенше жағдай кезінде қабылдайтын шешімдері мен адам өміріне деген жауапкершілігі де көрініс табады. Фильм көрерменді табиғатқа ұқыпты қарауға, қоршаған ортаны қорғауға және орманшылардың еңбегін бағалауға үндейді.
Фильмді тамашалаған табиғат жанашырлары кинокартинадан алған әсерлерімен бөлісіп, орманшылардың еңбегі мен ерлігін ұлықтаудың маңыздылығын атап өтті.
«38. Соңғы нүкте» фильмінің режиссері – Төребек Бейсебаев, продюсері – Нұржігіт Хайдар. Басты рөлдерді Асан Мәжит, Арман Уахитов, Алтыншаш Шаяхмет, Алмат Сакатов, Төлепберген Байсақалов, Асылбек Әйтіш және Мақсат Сабитов сомдайды.

Кинокартина Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
Айта кетейік, «38. Соңғы нүкте» фильмі 3 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастады.
Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз қызметі

