
«Respublica» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанынан сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары бойынша құрылған штабтың отырысы өтті. Жиында алдағы міндеттер, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру және партияның сайлауалды бағыттағы жұмыстары талқыланды.
Штабтың ашылуына орай өткен басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ұлттық экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және инвестиция тарту мәселелері сөз болды.

Бұл міндеттер Түркістан облысы үшін де өзекті. Өңірдің ауыл шаруашылығы мен өндірістік әлеуетін тиімді пайдаланып, шикізатты терең өңдеу, дайын өнім шығару, жаңа кәсіпорындар ашу және тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыру – негізгі басымдықтардың бірі.
«Respublica» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бейбіт Биназаров осы бағытта партияның атқарар рөліне тоқталды. Партия мемлекеттік бастамалардың орындалуына қоғамдық бақылау жүргізіп қана қоймай, кәсіпкерлер мен шаруалардың ұсыныс-пікірлерін тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етуді көздейді.

Сонымен қатар отандық өндірісті қолдау, шағын және орта бизнестің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен өткізу нарығын кеңейту, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына ықпал ету және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері алдағы жұмыстың негізгі бағыттары ретінде айқындалды.
Партия өкілдері кәсіпкерлермен, шаруалармен, өндіріс орындарының басшыларымен және еңбек адамдарымен тұрақты байланыс орнатудың маңызын атап өтті. Жиын соңында партияның негізгі ұстанымы нақты іс, нақты нәтиже және жауапкершілік екені айтылып, өңірдің экономикалық дамуына үлес қосатын жұмыстарды жүйелі жүргізу қажеттігі жеткізілді.
«Respublica» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

