САУРАНДЫҚ КӘСІПКЕР «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТУДЕ

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіп ашып, табысын арттыруына жаңа мүмкіндіктер беруде. Бағдарламаның шарапатын көріп отырғандардың бірі – кәсіпкер Анажан Муслимова.

Ол екі жыл бұрын жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастаған. Кәсіпкер бағдарлама аясында жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 7 миллион теңге қаржыға қол жеткізіп, наубайхана мен кондитерлік цехқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Нәтижесінде бүгінде өндіріс орны тұрақты жұмыс істеп, алты адамды жұмыспен қамтып отыр.

Цехта кекс, пряник, коржик, круассан және печеньенің 28 түрі өндіріледі. Түрлі тәтті өнімдер Түркістан және Кентау қалаларына, Созақ ауданына, Ескі Иқан мен Жаңа Иқан ауылдарына жөнелтіледі. Сонымен қатар кәсіпкердің өнімдеріне көршілес Қызылорда облысының Шиелі ауданынан да сұраныс түсіп, тапсырыс көлемі артып келеді.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін кеңейткен кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және отандық өнім өндірісін арттыруға қосып отырған үлесінің айқын көрінісі.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған