
Ордабасы ауданында ұлт руханиятының жанашыры, баспагер-журналист, «Жібек жолы» журналының бас редакторы, «Жібек жолы» баспасының президенті Төрекелді Байтасовты еске алуға арналған «Байтасовтың байтақ әлемі» атты іс-шаралар өтті. Әуелі Қажымұқан атындағы стадионда волейболдан аудандық жарыс басталды. Кейін Өнер мектебінде тағылымды кеш өтті.
Аудандық өнер мектебінде өткен іс-шараны аудандық орталық кітапхана мен аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығы ұйымдастырған. Кеш барысында қаламгердің қазақ әдебиеті мен журналистикасына қосқан сүбелі еңбегі, азаматтық ұстанымы мен ұлт руханияты жолындағы қызметі кеңінен насихатталды.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Илияс Турнияз сөз сөйлеп, Төрекелді Байтасовтың өнегелі өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Тағылымды кеште қаламгердің анасы мен жақындары естеліктерімен бөлісіп, ақын-жазушылар Төрекелді Байтасовтың шығармашылық жолын тебіреніспен еске алды. Кеш соңында әндер орындалып, «Періште пейіл Төрекелді» атты бейнебаян көпшілік назарына ұсынылды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

