
«Түркістан облысы психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Оразкүл Шайхықызының қолдауымен Сарыағаш ауданының білім бөліміне қарасты ата-аналарға арналған «Жасөспірімдер арасында лудоманияның (ойын құмарлықтың) алдын алу бойынша түсіндірме жұмысы» тақырыбында онлайн вебинар өткізілді.
Вебинардың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында кең таралып келе жатқан ойын құмарлықтың алдын алу, оның психологиялық, әлеуметтік салдары жөнінде ата-аналардың ақпараттық сауаттылығын арттыру және бала тәрбиесіндегі алдын алу шараларының маңыздылығын түсіндіру болды.
Іс-шара барысында «Түркістан облысы психологиялық қолдау орталығы» КММ психологтары Салтанат Сейдилазимова мен Ақнұр Құлжа тақырып аясында баяндама жасап, білім беру ұйымдарындағы балалардың психологиялық саулығын сақтауды қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, жасөспірімдердің ойынға тәуелділігінің алғашқы белгілері, оның мінез-құлыққа әсері, отбасындағы қарым-қатынастың рөлі және ата-аналардың бақылауы мен қолдауының маңыздылығы жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Вебинар барысында ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, сенімді қарым-қатынас орнату, психологиялық қолдау көрсету және цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.
Осындай профилактикалық бағыттағы шаралар жасөспірімдердің психологиялық саулығын нығайтуға, зиянды әдеттердің алдын алуға және ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

