ТҮРКІСТАНДА АРЗАН БАҒАДАҒЫ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Түркістан қаласының «Отырар» мөлтек ауданында биылғы жылдың алғашқы азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қала тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді өнімдер ұсынылды. Әлеуметтік маңызы бар шара халықты отандық, табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталды.

Жәрмеңкеге Арыс қаласы, сондай-ақ Сайрам және Түлкібас, Ордабасы аудандарының шаруалары қатысып, өз өнімдерін тікелей тұтынушыларға ұсынды. Атап айтқанда, сүт және ет өнімдері, көкөніс пен мен өзге де азық-түлік түрлері саудаға шығарылды.

Сонымен қатар, «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қоры арқылы жеткізілген тауарлар да нарықтағы бағадан 30–40 пайызға дейін төмендетілген бағамен сатылды. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының отбасылық бюджетін үнемдеуге және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға оң әсерін тигізді.

Жәрмеңке барысында тұрғындар сапалы өнімдерді тиімді бағамен сатып алып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма Төрағасы Бекжан Бисенбаевтың айтуынша, мұндай әлеуметтік жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасын тауып, халық игілігіне қызмет етпек.

Айта кетейік, жәрмеңкеде 50 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімі сауда сөрелеріне қойылды. Бекітілген кестеге сәйкес, келесі жәрмеңке жаңа қала шағын ауданындағы «Достық үйінің»автотұрағында ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған