
Түркістан облыстық футбол федерациясының президенті Нұралы Әбішов футбол федерациясының қызметкерлерімен жүздесті. Кездесу барысында саладағы өзекті мәселелер, облыс аумағында футболды дамыту бағытындағы жоспарлар мен алдағы міндеттер талқыланды. Шараның негізгі бөлігінде Нұралы Әлмаханұлы «Тұран» футбол клубының жаңа басшысы Жандос Сармановқа сәттілік тіледі. Өз кезегінде Жандос Қайратжанұлы алдағы уақытта клуб сәтті ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерді қуантуға бар күш-жігерін салатынын атап өтті.
Жиынға Түркістан облысы футбол федерациясының ЗТБ бас хатшысы Марат Найзабеков пен футбол федерациясының қызметкерлері қатысып, өңірлік және ұлттық деңгейдегі футбол инфрақұрылымын жетілдіру, жасөспірімдер футболын дамыту, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау мәселелеріне баса назар аударылды.
«Клуб лайықты деңгейде нәтиже көрсетіп, өңір футболының беделін арттыруға үлес қосуға атсалысуы тиіс. Бұл бағытта федерация тарапынан тиісті деңгейде қолдау көрсетілетін болады. Қазіргі таңда «Тұран» кәсіби футбол клубын бәсекелестік ортаға беру бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Аталған келіссөздер клубтың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, басқару жүйесін жетілдіруге және команда дамуына жаңа серпін беруге бағытталған. Алдағы уақытта нақты шешімдер қабылданып, клубтың ұзақ мерзімді даму стратегиясы айқындалады», – деді облыстық футбол федерациясының президенті.
Нұралы Әлмаханұлы футбол саласының облыс имиджін қалыптастырудағы маңызын айтып, алдағы уақытта футболды дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтып, өңірдегі футболдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірде футбол спортымен 87 ұйымда 13 650 баламен 380 жаттықтырушы күнделікті оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Облыстағы жалғыз «Томирис» әйелдер командасы «Тұран» кәсіби футбол клубына біріктірілді.

