ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ҚҰРДАСТАРЫН ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІН ӨТКІЗДІ

Облыс орталығында «Бекзат» тұрғын алабының 1999 жылы туған азаматтары кіші футболдан құрдастарын еске алу турнирін ұйымдастырды. Жарыстың ашылу салтанатында ел ағасы Дәулеткерей Оспанов, «Бекзат» мешітінің бас имамы Ғалымжан Аташев, марқұм Абай Сәбитұлының ата-анасы сөз сөйлеп, салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға сәттілік тіледі.

«Аға буынның ізін жалғап, марқұм болған бауырларымызға құран бағыштап, көпшілікке ас бердік. Теңбіл доп сайысына қатысуға 1960 жылғы ардагер команда мен 2007 жылғылардың құрамасы өтініш білдіріп, жалпы саны 24 топ бақ сынады. Жүлдегер командаларға медаль мен қаржылай сыйлық ұсынылды», – деді ұйымдастырушылардың бірі Бекзат Мұрат.

Турнир қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды 1994 жылғы, 2-орынды 1990 жылғы азаматтар иеленді. Ал 2004 жылғы жастар үздік үштіктің қатарына енді.

Жарыс жеңімпаздары тартысты додада чемпион атанғанына қуанышты. Команда капитаны Асыл Шайзынданың айтуынша, бұл турнир мөлтек аудан азаматтарының ауызбіршілігін арттыруға септігі мол.

Жарыс қорытындысы бойынша Бекарыс Тұрғанбай – «Үздік ойыншы», Мұрат Балғабаев – «Үздік қақпашы» атанса, Батыр Абдуалиевке – «Үздік шабуылдаушы» номинациясы берілді. Дәстүрлі турнир өткізу эстафетасы 2000 жылы туған жастарға табысталды.

Нұртас МҰХТАРҰЛЫ.

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған