ТҮРКІСТАН: ҚАРТТАР КҮНІНЕ ОРАЙ ОРМАН САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қарттар күніне орай Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов пен басқармаға қарасты «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Асқар Култабаров орман шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер Мұңайтпас Алшериевтің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.

Кездесу барысында басқарма басшысы қазыналы қарияға орман шаруашылығы саласына сіңірген еңбегіне алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.

Мұңайтпас Алшериев 1948 жылы 26 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. 1970 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1970 жылы Түркістан орман шаруашылығы мекемесінде бастап, 2004 жылға дейін орманшы қызметін атқарған. Кейін 2004-2011 жылдары Қаратау мемлекеттік табиғи қорығында еңбек етті.

Зейнет жасына жеткеніне қарамастан, табиғат қорғау саласындағы қызметін жалғастырып, 2018-2025 жылдары Түркістан қаласындағы «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде инженер-гидротехник, орманды молайту және пайдалану жөніндегі бас инженер, орманшы-күзетші қызметтерін атқарды.

Жалпы еңбек өтілі – 47 жыл. Зейнетке шыққаннан кейін де жеті жыл бойы «Жасыл аймақ» мекемесінде қызмет атқарып, Түркістан қаласының айналасында жасыл белдеу қалыптастыру жұмыстарына белсенді үлес қосты.

Айта кетсек, Түркістан облысында қарттарға қолдау көрсету және олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде облыста 200 мыңнан астам зейнеткер бар.

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған