ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

Түркістан қаласында «Әділет» партиясы қалалық филиалының ІІ конференциясы өтті. Конференцияның күн тәртібіне филиал төрағасын сайлау, Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу мәселелері енгізілді.

Конференцияға «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алмас Салимов, қалалық партия филиалының өкілдері, қалалық Саяси кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері, ардагерлер кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ қоғамдық орта өкілдері қатысты.

Жиынды «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева ашып,күн тәртібінің регламентіне сәйкес жүргізді.

Конференция барысында делегаттардың дауыс беру нәтижесінде Құлбатыр Мұсабек «Әділет» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы болып сайланды.

Құлбатыр Мұсабек жоғары білімді, кіші және орта бизнес саласында тәжірибе жинақтаған, басшылық қызметтер атқарған. Ол қоғамдық-саяси жұмыстарға да араласып, жергілікті деңгейдегі бастамалар мен мәселелерге қатысты қызмет тәжірибесін қалыптастырған.

Жиында «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алмас Салимов сөз сөйлеп, қалалық филиалдың алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Ол партиялық жұмысты жүйелі жүргізудің, бастауыш партия ұйымдарының белсенділігін арттырудың және тұрғындармен тұрақты байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, халықты толғандырған өзекті мәселелерді зерделеп, оларды шешуге бағытталған бастамаларды қолдаудың қажеттігін жеткізді.

Жаңа төрағаның сайлануына орай өткен пікір білдіру бөлімінде Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков, Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Раимжан Қошқаров және №32 мектептің кәсіптік бағдар беру педагогі Арслан сөз сөйледі. Қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, қаланың қоғамдық өміріндегі маңызды мәселелерге назар аударып, филиалдың алдағы жұмысына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Конференцияда жаңадан сайланған филиал төрағасы Құлбатыр Мұсабек те сөз алып, делегаттарға сенім білдіргені үшін ризашылығын жеткізді. Ол алдағы уақытта партия мүшелерімен ынтымақтастықты нығайтуға, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын үйлестіруге және қала тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін назарға алуға басымдық берілетінін атап өтті.

Бұдан бөлек, конференцияның жұмысшы органдарының құрамы таныстырылды. Бұл мәселе бойынша делегат Жеңіс Әлжанов хабарлама жасады. Мандат комиссиясының төрағасы Жангелді Дүйсенбаев комиссияның есебін ұсынып, конференция жұмысының ұйымдастырушылық мәселелері жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ қалалық филиалдың Саяси кеңесі мүшелерінің құрамы таныстырылды.

Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, қалалық филиалдың алдағы қызметіне қатысты басым бағыттар белгіленді. Конференция партиялық құрылымдардың өзара іс-қимылын нығайтуға, ұйым жұмысын үйлестіруге және қала тұрғындарын толғандыратын мәселелерге назар аударуға бағытталған міндеттерді талқылаумен қорытындыланды.

«Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған