
Сауран ауданындағы ескі Иқан ауылында орналасқан «Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжі» мекемесінде «Ата-ана мен бала: сенім мен түсіністік» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналысы өтті.
Іс-шараға 1–4 курс студенттерінің ата-аналары, педагогтер мен мамандар қатысты. Жиынның мақсаты – ата-ана мен бала арасындағы өзара сенім мен түсіністікті нығайту, отбасындағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыру және бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру.
Кездесу барысында психологтар жасөспірімдік кезеңдегі психологиялық және эмоционалдық өзгерістер туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, ашуланшақтық, тұйықталу, өзіне сенімсіздік, ата-анамен келіспеушілік, құрдастарының пікіріне тәуелділік және оқу үлгеріміндегі өзгерістер сияқты қиындықтарға назар аударылды.
Орталық психологы Арайлым Әсілбекова ата-аналарға жасөспірімнің пікірін тыңдау, сезімдерін түсіну, шамадан тыс бақылау мен орынсыз сыннан аулақ болу және баланың жеке шекарасын құрметтеу қажеттігін түсіндірді. Ал психолог Бибінұр Сайлаубек балаға дауыс көтермеу, оны өзгелермен салыстырмау, мәселені бірге талқылау және өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік берудің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар буллинг пен кибербуллингтің алдын алу мәселелері қозғалды. Ата-аналарға баланың көңіл-күйі мен мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аудару, қиын жағдайда оны кінәламай, қолдау көрсету қажеттігі айтылды.
Жиналыс соңында ата-аналар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жасөспірімдермен дұрыс қарым-қатынас орнату және психологиялық қолдау көрсету бойынша кеңестер алды.

