ҮКАША АТА ЗИЯРАТЫ МЕН ҚҰДЫҒЫНА АРНАЛҒАН БАСПАСӨЗ ТУРЫ ӨТТІ

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Түркістан өңіріндегі киелі орындардың бірі – Үкаша ата зияраты мен құдығына арналған баспасөз туры өтті. Іс-шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер, музей және мәдениет саласының мамандары қатысты. Баспасөз турының негізгі мақсаты – Үкаша ата зияраты мен құдығының тарихи-мәдени және рухани мәнін кеңінен таныстыру, нысан туралы шынайы ақпарат тарату, сондай-ақ оның ішкі және рухани туризмді дамытудағы маңызын көрсету.

Баспасөз турына қатысушылар алдымен Үкаша ата зияратына барып, баба рухына Құран бағыштады.Бұдан кейін қасиетті құдыққа ат басын бұрып, арнайы ұйымдастырылған шараға қатысты.

Шараны «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов ашып, Үкаша ата зияраты мен құдығының тарихи-мәдени мұра ретіндегі маңызына және ішкі туризмді дамытудағы әлеуетіне тоқталды.
Жиында философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай, «Ясауитану» ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы және орталықтың аға ғылыми қызметкері Ұлықбек Жүнісбаев сөз сөйлеп, Үкаша ата тұлғасының қазақ руханиятындағы орны, оған қатысты тарихи жазба деректер мен халық жадында сақталған аңыз-әңгімелер жөнінде құнды мәліметтер ұсынды.

Мамандар арнайы пікір алаңында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, киелі нысанның ғылыми және рухани қырларына қатысты ойларын ортаға салды. Шараның соңында қатысушылар Үкаша ата құдығын тамашалап, ғасырлар бойы халық арасында қалыптасқан зиярат дәстүрлерінің бірі – құдыққа шелек тастау рәсімімен танысты.

Үкаша ата зияраты Түркістан қаласынан солтүстікке қарай шамамен 55 шақырым жерде, «Әзіреті Қаратау әулиенің кені еді» деп жырланған қасиетті Қаратаудың етегінде орналасқан. Музей-қорық қарамағындағы республикалық маңызы бар бұл нысан – Түркістан өңіріндегі тарихи, мәдени және рухани мәні жоғары киелі орындардың бірі.
Халық арасында сақталған діни-тарихи риуаяттарда Үкаша ата Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабасы, ислам дінін насихаттау жолында қызмет еткен тұлға ретінде дәріптеледі. Ғасырлар бойы Үкаша ата зияраты мен құдығы халықтың зиярат ету мәдениетінде өзіндік орын алып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани дәстүрлердің біріне айналып келеді.

Бүгінде Үкаша ата кешені тарихи-мәдени мұра нысаны ретінде ғана емес, ішкі және рухани туризмнің маңызды бағыттарының бірі ретінде де танылып отыр. Тарихи тұлғаны ұлықтау, рухани тағылым алу, ұлттық тарих пен мәдени мұраны танып-білу мақсатында қасиетті мекенге еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ шетелдерден зияратшылар мен туристер тұрақты түрде келіп тұрады. Атап айтқанда, жыл бойы Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан және өзге де мемлекеттерден келушілер зиярат етеді.

Үкаша ата зияратының тарихи және рухани маңызы мемлекеттік деңгейде де айқындалған. 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» жобасы бойынша Үкаша ата зияраты діни және ғибадат орындары санатындағы киелі нысандар тізіміне енгізілді.

Үкаша ата зияраты мен құдығы – халқымыздың тарихи жадын, рухани сабақтастығын және ғасырлар бойы қалыптасқан зиярат мәдениетін бойына жинақтаған қасиетті мекен. Оның тарихын зерделеу, ғылыми тұрғыдан таныту және көпшілікке дұрыс ақпарат жеткізу – ұлттық мұраны дәріптеудің маңызды бағыттарының бірі.

Азамат ӘЛІБЕК, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының баспасөз хатшысы.

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған