
Қазығұрт ауданында тәуекел тобындағы қызыл және сары деңгейдегі кәмелетке толмаған оқушылармен психологиялық қолдау жұмыстарын ұйымдастыру, профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін арттыру және білім беру ұйымдарына әдістемелік көмек көрсету мақсатында семинар өткізілді.

Жиынға Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбай, «Түркістан облысы Психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Мөлдір Баймұхамбетова және орталықтың жауапты мамандары Арай Әсілбекова мен Айдос Нұржауов қатысып, тәуекел тобындағы білім алушыларды ерте кезеңде анықтау, олармен жүйелі психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастыру, бақылау парақтарын тиімді пайдалану, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту бағытында әдістемелік түсіндірмелер берді.
Кездесуге ауданның мемлекеттік және жекеменшік мектептерінің директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар мен педагог-психологтар қатысты. Семинар барысында қатысушылар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.
Мұндай әдістемелік кездесулер білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің сапасын арттыруға, тәуекел тобындағы қызыл және сары деңгейдегі кәмелетке толмаған оқушыларды ерте кезеңде анықтау мен оларға уақтылы психологиялық қолдау көрсетудің тиімділігін күшейтуге, сондай-ақ профилактикалық жұмыстардың жүйелі әрі нәтижелі жүргізілуіне ықпал етеді.

