ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ОТАНДЫҚ ФИЛЬМНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Бүгін оңтүстік өңірінің кино қоржыны тағы бір жаңа туындымен толықты. «Khanshaiym Plaza» ойын-сауық орталығындағы Kinoparkте «Шала бандиттер» шытырман оқиғалы фильмнің көрсетілімі өтті. Тұсаукесер алдында өткен баспасөз жиынында актерлік құрам мен түсірілім тобы бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа туынды жайлы баяндады.

– Түркістан қаласына 37 жылдан кейін келіп тұрмын. Қала мүлдем өзгеріп кеткен деуге болады. Зәулім әрі заманауи ғимараттар мен мәдени орталықтар мұнда құрылыстың қарқынды жүргенін көрсетеді. Нағыз туристік қалаға айналып келеді. Жаңа киноның алғашқы көрсетілімі де дәл осы жерден басталғанына қуаныштымын. Себебі бұл Түркістанның рухани-мәдени саласындағы басты жаңалық болады деп ойлаймын , – деді басты рөлді сомдаған Жан Байжанбаев.

«САҚ» киностудиясы түсірген фильмде Жан Байжанбаев, Ілияс Көпжасаров, Әшім Ахметов, Мәлік Абдраманов сынды танымал актерлар басты рөлді сомдаған. Фильм режиссері – Фурхат Саипов, сценарий авторы – Бақытжан Құлжабай, продюсері – Нұриддин Паттеев, көркемдік жетекші – Батырхан Дәуренбеков.

Фильм желісі Серік атты дәрігердің отбасымен байланысты өрбиді. Бір күні күтпеген жерден Серіктің үйіне «маска» киген бандиттер басып кіріп, отбасы мүшелерін тұтқынға алады. Бас кейіпкер оларға бар ақшасын ұсынады. Бірақ олар ақшадан бас тартады. Бұл әрекеттеріне Серіктің отбасы мүшелері таң қалады. Сонда олар не үшін келді? Әрине, бұл сұрақтың жауабы тереңде жатыр еді.

«Маска» кигендер ақшадан бас тартқанымен әсте де «Шала бандиттер» емес! Олардың не үшін келгені, қандай құпияны жасырғаны фильмнің соңында белгілі болады. Фильм комедиялық жанрға бағытталғанымен, ондағы оқиғалар желісі жақсы мен жаманның, адалдық пен арамдықтың, махаббат пен жалған сезімнің ара жігін ажыратады. Ақиқат пен жұмбақтың күресі арқылы көрерменге ой салады.

Айта кетейік, көрерменге жол тартқан «Шала бандиттер» комедиялық мелодрамасы еліміздің барлық өңіріндегі кинозалдарда көрсетіледі.

Тұрсынай ШӘМЕТОВА.

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған