
Түркістан облыстық білім басқармасының «Түркістан облысы психологиялық қолдау орталығы» КММ-нің директоры Оразкүл Шайхықызының қолдауымен Кентау қаласының білім бөліміне қарасты №17 А.Науаи атындағы жалпы білім беретін мектепте 7–8 сынып оқушыларына арналған «Жасөспірімдердің мәселелері мен қажеттіліктеріне мобильді көмек қызметін көрсету. Мектеп, отбасы және мобильді қызмет: жасөспірімдерге кешенді көмек» тақырыбында психологиялық қолдау шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің психологиялық саулығын нығайту, олардың өз-өзіне деген сенімділігін арттыру, кездесетін қиындықтарды жеңуге бағыт-бағдар беру, сондай-ақ мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты күшейту болды.
Психологиялық қолдау жұмыстарына А.Науаи атындағы жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушылары, ата-аналар және педагогикалық ұжым мүшелері белсене қатысты. Кездесу барысында жасөспірімдер өздерін толғандыратын мәселелермен ашық бөлісіп, өзін-өзі тану жолындағы қиындықтарын ортаға салды.

Шара аясында өткізілген «Шешім ағашы» тренингі арқылы оқушылар түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдаудың маңызын түсініп, проблемаларды кезең-кезеңімен талдауды үйренді. Сонымен қатар ашық сұхбат форматында жасөспірімдердің пікірлері тыңдалып, олардың ойлары мен сезімдеріне ерекше көңіл бөлінді.
Ата-аналармен жүргізілген жұмыста отбасының бала өміріндегі рөлі, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Іс-шара барысында ата-аналар балаларымен телефон арқылы байланысып, өздерінің сүйіспеншіліктері мен қолдауларын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді. Бұл сәт қатысушыларға ерекше эмоциялық әсер сыйлады.
Аталған психологиялық қолдау шарасы жасөспірімдердің рухани дамуына оң ықпал етіп, мектеп, отбасы және мобильді қызмет арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

