Қазақ елі қай кезде де мемлекеттік мұратын көздеген ел. Тарихи тағдырымызды парақтасақ, ұлт ретінде қалыптасу жолымыздың қилы болғанын, қашан да сол жолда халқымыздың болашақты көздеген игі істерін байқаймыз. Арысы алыс кетпей-ақ, Алтын орда дәуірі мен берісі Алаш автономиясын құру кезеңдеріндегі ұлттық, әділдік ұстанымдары халқымыздың өркениет кеңістігінен де хабар береді. Біздің ұлт ретіндегі өзіндік бет-бейнемізді тек өткен ғасырдың Тәуелсіздік уақытымен өлшеуіміздің де негіздемесі барын тарихымыздан түсініп отырмыз.
Өз шекарасы мен мемлекеттігі бар ұлттардың өркендеу принциптері қашан да басқару ісіне халықтың тікелей араласуымен өткен ғасырларда батыр, би, шешендер институты арқылы жүзеге асса, бүгінде азаматтық қоғам өкілдері арқылы атқарылатыны анық.
Қазіргі жаңа Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың саяси, әлеуметтік өмірдегі өзгерістерге бастайтын әлеуеттері азаматтардың белсенділігіне тәуелді. Осы жолда «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры құрылды. Еліміздің барлық облыстарынан қоғамға танымал, белсенді тұлғалар өздері бастамашы болып, Үндеуін жариялады. Бұл 2024 жылдың ақпан айында Астана қаласында қордың аймақтық өкілдіктері басшыларының басқосуында жарияланып, қол қоюларымен рәсімделді.
Халқымыздың әлеуметтік, экономикалық жағдайына алаңдап, мәселелерімізді сындарлы жол арқылы шешуге ден қойған саналы азаматтар «жеке жүріп жетістікке жету емес, бірігіп ұлттың жағдайын жақсарту» жолын таңдады. Басты мақсат – еңбек адамының құқықтары қорғалып, өз елінде бай, бақытты ғұмыр кешуіне мүдделі қоғам қалыптастыру. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда халық мен билік арасы алшақтап кетті, адамдарда биліктің әрбір ісіне күдікпен қарайтын сенімсіздік пайда болды. Жемқорлық барлық салада жайылғаны сонша, адал жолмен еңбек ету деген ұғым жоғалды десек болғандай. Сондықтан азаматтық қоғам белсенді, констуктивті бола отырып, өз талаптарына назар аудартып, дұрыс шешілуіне мүдделі болғанда қоғам өзгереді деп білеміз.
Алғашқы нәтижеміз – Астана қаласында «Жұмысшылардың өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жөнінде талқылау өтіп, ұсыныстар үкіметке жолданды.
Сондай-ақ, «Әділдік және Өркендеу» республикалық қоғамдық қорының белсенділері қоғамда қордаланған маңызды мәселелердің бірі – «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және денсаулық сақтау саласына қатысты проблемалар» тақырыбында сессиялық талқылау да ұйымдастырды. Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі ауысса да, шешіле қоймаған МӘМС мәселесінде қандай сұрақтар оң шешімін таба алмады, жаңа министрдің алдында шешетін қандай сауал бар? Басқа да проблемалар бойынша қызу талқылаулар өтті.
Жиынға Денсаулық сақтау министрлігі өкілі, МӘМС қорының төраға орынбасары, дәрігерлер, денсаулық саласы бойынша тәуелсіз эксперттер және Қордың белсенділері қатысты. Талқылау соңында қорытынды құжатта ұсыныстар жолданды.
Қордың белсенділері елімізде орын алған су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмектер жіберді. Алдағы қалпына келтіру жұмыстары бойынша да орталық штаб қор тарапынан үлес қосу механизмдерін жасауда.
«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры – еліміздегі еңбек адамдарының құқығын қорғайтын, «адал еңбек» культін дәріптеп, қоғамда сондай адамдар арқылы жегі құрттай болған жемқорлық сияқты зиянды мінезден құтылу жолдарына жұмылатын белсенділер тобы.
Еңбек адамдары: өндіріс жұмысшылары, шаруалар, мақташы, агроном, ұстаз, дәрігер т.б.қызмет көрсету салалары мамандарының қызмет етіп, өркендеуіне кедергі өңірлік мәселелердің басын біріктіріп, шешу жолдарын да көрсетіп, үкіметтік, құзырлы ұйымдармен бірлесе нәтижеге жету – басты мақсатымыз. Қордың қоғамдық қабылдаулары да тұрақты жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, қаңтар айынан бері Түркістан облысы бойынша 112 адам өкілдік қабылдауында болды.
Толғандырған мәселелері бойынша құқықтық кеңестер беріп, белсенді жақтастарымызбен бірлесе ұсыныстар дайындаудамыз.
«Әділдіктің екі қайнар көзі бар: ешкімге зиян шектірмеу және қоғамға пайда келтіру» принципі – біздің тірегіміз. «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының әр аймақтарға тән проблемалар бойынша ортақ жобалар негізінде нәтижеге жету алгоритмдерімен жұмыстары жалғасуда.
Әдемау Толысбаева,
«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорынының
Түркістан облысы өкілдігінің жетекшісі.