«ТҮРКІСТАН ТАЛАНТТАРЫ»: АЙДАР АҚЫНҒА ТУҒАН АУЫЛЫ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

«Түркістан таланттары» жобасы өңірлік кеші Ордабасы ауданында жалғасты. Кеш кейіпкері ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облысы филиалының төрағасы Айдар Сейдазым осы ауданның Ақжол ауылында туған.

Кездесуге журналист, композитор Бекжігіт Сердәлі, журналист Тельман Бейсен, сонымен қатар ақындар – Сайлаухан Жоланов, «Алтын қалам» иегері Дәурен Айманбет, Нұрғали Сердалиев, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Бауыржан Ерман қатысып, кеш кейіпкеріне ізгі тілегін жеткізіп, қаламынан туған шығармаларын арнады.

Шайырды өлең сүйер көпшілік қошеметпен қарсы алды. Кеш барысында Айдар Сейдазым таңдаулы шығармаларын оқыды. Сондай-ақ ақынның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. Оқырман қауым кеш иесіне көкейіндегі сұраққа жауап алды. Ақынның өлеңдерін оқырман жатқа оқып, әдебиетке қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.

Шара соңында Түркістан облыстық «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова, Ордабасы аудандық орталық кітапханасының директоры Феруза Небосынқызы сөз алып, ақынға құрмет көрсетті. Сонымен қатар аудан әкімі Азат Оралбаевтың атынан алғыс хат табысталды.

Айта кетейік, облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен белгілі қаламгер Қасымхан Бегмановтың шығармашылық кешінен бастау алған жоба жыл соңына дейін аудан, қалаларда жалғасады.

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған