КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай кезекті қоғамдық қабылдауын Төлеби ауданы Қасқасу ауылының мәдениет үйінде көшпелі мәжіліс ретінде өткізді. Аудан әкімінің орынбасары Бақберген Құралбаев, облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Қозыбақов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы, аудандық сала басшылары, сонымен қатар Қасқасу ауыл округінде жол салумен, газ құбырын тартумен шұғылданатын мердігер компаниялардың, техникалық қадағалау мекемелері мен «ҚазТрансГаз» компаниясы Төлеби аудандық бөлімшесі өкілдерінің қатысуымен өткен басқосуда қызу талқылау болды.

Төлеби ауданында тек Қасқасу ауылдық округі табиғи газбен қамтылмай тұр. Жауапты шенеуніктер мен ауылға газ құбырын тарту тендерін ұтып алған мердігер мекеме өкілдерінің сөзіне сенсек кестеге сәйкес алдағы тамыз айында көпшілікке көптен күткен көгілдір отын пайдалану мүмкіндігі берілмек. Тамызда табиғи газ қосылу үшін көптеген кемшіліктерді жою керектігі айтылды.

Кемшіліктерді түзетуге мердігер компанияға бір ай уақыт берілді. Ал ауыл тұрғындары оған дейін табиғи газ қосуға рұқсат беретін құжаттарының кем кетігін реттеуге шұғыл кірісулері керек. Бұл жұмыс дәл ертеңгі сейсенбіден, 20 маусымда Қасқасу ауылдық округінде Ашық есік күнін өткізуден басталмақ.

Жол жөндеуге байланысты біраз кемшіліктер орын алған. Әсіресе Жоғары Қасқасу ауыл округінде ирригациялық арықтар орнатуда едәуір кемшіліктер кеткен. Бірақ мердігердің айтуынша, бұл жобалау жұмыстарының дұрыс жасалмауы салдарынан болып отыр. Бұл мәселе алдағы уақытта жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан қаралатын болды.

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған