Биыл көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, лингвист-ғалым Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына орай еліміздің бірқатар өңірлерінде ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткен болатын. Мерей тойға арналған іс-шаралар қортындысы тұлғаның туып-өскен ауылы Түркістан облысы, Сауран ауданы, Нұртас ауылында өтті. Айтулы шараға Нұртас Оңдасыновтың немересі Нұртас Оңдасынов және елімізден келген көзкөрген қариялар қатысып, өз естеліктерін айтты.
Өз кезегінде тұлғаның Мәскеуден арнайы келген немересі Нұртас Оңдасынов мерей тойға атсалысқан барша жұртқа ризашылығын білдірді. Осындай елі барда атамының есімі ешқашан ел аузынан түспейтініне сенімдімін деді ол. Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы мен Нұртас Оңдасыновтың көзін көріп, ғибратты әңгімелерін тыңдаған Бурабай Нысанбеков жұршылықпен жылы естеліктерімен бөлісті.
Шара барысында ақын Серік Сейтманның өлеңіне жазылған сазгер Әлімбай Ботақараевтың «Нұртас ата» әнінің тұсауы кесілді. Мерекелік шара өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.