
Кемелденуге қадам басқан әрбір жан кітаппен дос болары анық. Әлеуметтік желінің дамыған кезеңінде көбіміз газетті сайтқа, кітапты электронды түрге алмастырдық. Ал кейбіріміз бір мезгіл парақтап шығуға да уақыт таппай жатамыз. Сондай олқылықтарды ескеріп, Салтанат қыз үлкен жобаны қолға алып, алғашқы қадамын жасаған болатын. Міне биыл бұл бастамаға да 4 жыл толып отыр. Жоба негізінде құрылған арнайы топ былтыр Алатау бөктерінде алғаш рет бас қосты. Ал бұл жолы көпшіліктің шешімімен киелі Түркістан өңірінің сырлы Созақ ауданына таңдау түсіп отыр. 4 тамыз күні Жұмбақтаудың жұмбағын шешуге талпынған жұрт күйбең тіршіліктен бір сәт арылып, кітаптар әлеміне саяхат жасамақ.
Бір сөзінде бұл міндеттің жауапкершілігі оңайға соқпайтынын айтқан еді. «2020 жылы қараша айында алғаш эфирге шықтық. «Кітаптар әлемі» жобасы жұмыс істей бастады. 2021 жылы 21-ші наурызда «Кітап жанашырлары» тобы ашылды. Қазір қызығушылық танытушылар көп, әсіресе жас буынның руханиятқа қадам басқаны қуантады. Осыны ескеріп, аптаның әрбір күнін жоспарлап, кітап талдап, жұмбақ жасырамыз» дейді Салтанат. Мақсаты айқындалып, оқырманы мен қолдаушылары артып жатқан жобаның негізгі идеясы әлеуметті күнделікті кітап оқуға дағдыландыру, сонымен қатар ойды қорытып, дұрыс талдай білуге баулу, әсіресе жас буынға кітап әлемінде бағыт-бағдар беру. Бұл жобада маған ұнайтын ең қызық тұсы – әдебиет шығармаларының жеңіл, қарапайым, сауатты талдануы.
Көңілді мұң, жүректі кір, сананы тұман баспас үшін кітап оқу аса қажет. Үнемі ізденіспен, асқан жауапкершілікпен көркем әдебиетті жаңа форматта насихаттап, жаңа мәдени әрі рухани орта қалыптастырып жүрген қазақ қызының еңбегін де атап өтпеске болмас. Осы жоба аясында түрлі байқауды тұрақты түрде өткізіп, демеушілер арқылы да оқырманды ынталандырып келеді. Бұдан бөлек жобаның барлық эфирі мен түрлі танымдық видеолар салынатын ютуб арнасы да жұмыс істейді. Жоба өміршең болып, оқырманы арта түссін деп тілейміз!
Тұрсынай ШАМЕТОВА.