МАНДАТ ПЕН МІНДЕТ

Мандат пен міндет. Иә, осы екеуінің үдесінен шығу – нағыз халық қалаулысының азаматтық ұстанымы. Ел қалап, дауыс беріп, көптің атынан сөйлесін деп таңдау жасаған соң «халық қалаулысы» дейміз. Ауылдың, ауданның, қала берді облыстың мұң-мұқтажын жеткізіп, жоқ-жітігін түгендейтін де осы азаматтар. Бюджеттің оңды-солды жұмсалып кетпей, мақсатты игерілуін қадағалайтын да осы жандар. Билік пен бұқара арасында алтынкөпірлік болатын да осылар. Ел мен жерді аралап жұрттың базынасын тыңдап, мәселенің шешілуін күйттейтін де осы міндет иелері. Олар – мәслихат депутаттары.

Биыл айтулы дата – «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» толып отыр. Сәл шегініс жасап, тарихқа үңілсек, еліміз 1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан соң 1993 жылдың 10 желтоқсанында ҚР Жоғарғы Кеңесі қоғамды демократияландыру, билік пен халық арасындағы байланысты нығайту мақсатында «ҚР жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заң қабылдады. Осы құжат аясында мәслихат депутаттар жиналысы – халықтың атынан сөйлеп өкілдік ететін жергілікті мемлекеттік басқарудың ұйымдық-құқықтық тұрғыдан дербес институты ретінде белгіленді. Осылайша 1994 жылдың 7 наурызында тұңғыш рет еліміздің жергілікті органдарына – мәслихаттарға депутаттар сайлауы өтті. Сол кезде Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына 130 кандидаттан 47 адам депутат болып сайланды. Сондай-ақ, аудандық мәслихаттарға – 358 депутат, қалалық мәслихаттарға – 109 депутат сайланды. Облыстың бірінші шақырылымындағы мәслихат депутаттарының алғашқы сессиясы 1994 жылдың 29 наурызында өткен болатын. Бұл күн Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы облыстық мәслихаттың жылнамасын бастап берді. Міне осыдан 30 жыл бұрын алғашқы сессиясы өткен облыстық мәслихат депутаттары қаншама түйіткілді мәселенің шешілуіне мұрындық болды. Инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, құрылыс, шағын және орта бизнес, өндіріс, мәдениет саласында күрмеуі шешілмеген мыңдаған мәселе шешімін тапты.

Бүгінде Түркістан облыстық мәслихаты халық үшін қалтқысыз еңбек етіп келеді. Мәслихат құрамында «Аманат», «Ауыл», «Ақжол», «Республика» сынды төрт партия өкілдерінен 46 депутат бар. Қазір мәслихат хатшылығы – төрағалыққа ауысқан. Бүгінгі таңда Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы – Нұралы Әбіш Әлмаханұлы. Мәслихатта үш бірдей тұрақты комиссия құрылған. Олар: Бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі, Кәсіпкерлік, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі, сондай-ақ Әлеуметтік-мәдени даму және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия. Әр тұрақты комиссияда салаға қатысты айтары бар депутаттар мүшелікке енген. Әрбір отырыста өзекті проблемалар көтеріліп, шешу жолдары қарастырылады. Аудан мен басқарма басшыларының есебі тыңдалады. Өңір бюджеті нақтыланады һәм қадағаланады. Әр партия өз бағдарламасында шегеленген мәселелерді қаузап, мақсаттарын орындайды. Мәселен, «Аманат» партиясына биыл жыл басынан 5 мыңнан аса арыз түссе, оның 3 мыңға жуығы өз шешімін тапқан. Ал «Ауыл» партиясына 121 өтініш түсіп, 94-і оңтайлы шешілген. Сондай-ақ, «Ақжол» партиясына 1 мыңнан аса арыз түсіп, 700-ге жуығы шешімін тапқан. Сонымен қатар, «Республика» партиясы 60-қа жуық кәсіпкердің құқығын қорғаған.

Облыстық, аудандық мәслихат депутаттары кез-келген мәселенің шешілуінде тек бюджет қаржысына сенім артпай, өздері де атсалысып келеді. Өз аттарынан ауыл-аймаққа көше, мектеп, емхана салғаны халық есінде. Баспанасы жоқ қаншама азаматты үйлі қылды. Мәселен, облыс мәслихаттың бірнеше шақырылымының депутаты Сырым Ертаев сынды азамат осы уақытқа дейін 20-ға жуық мұқтаж отбасының баспаналы болуына себепкер болды. Сондай-ақ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, журналист Ғалымжан Елшібай мәслихат отырысында мәселе көтеріп, жаңа Түркістан облысының төл телеарнасы «Түркістанның» жабылып қалып, 120 адамның жұмыссыз қалуын алдын алды. Ондаған қандастың «ҚР азаматтығын» алуына ықпал етті. Сонымен қатар, бүған дейінгі Шардара аудандық мәслихат депутаты Арман Қарсыбаев сынды азамат сол аймақта қаншама әлеуметтік нысанның жарығы мен жылуына, суы мен газы бойынша жәрдем беріп, жүздеген аудан тұрғындарына қолдау көрсеткені елдің есінде. Бұл жасалған мың жақсылықтың бірді-екісі ғана.

Халық сенімін ақтап жүрген депутаттардың басын біріктіріп, елдің мүддесі үшін еңбек ету жолында мәслихаттың жұмысы өркендей берсін. Бұқара базынасын билікке жеткізіп, елдің мәселесі шешілуінде мәслихаттың маңызы зор.

Төребек БАЙТАС
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған