Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында жаңа қойылымның премьерасы өтті. Драматург Әлдихан Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» пьесасы негізінде сахналанған спектакльді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, режиссер Қуандық Қасымов, Бекболат Құрманқожаев, Бекжігіт Сердәлі, Бақыт Сраилов, Индира Икапова, Пернекүл Нәлтаева, Ардақ Бейсенова сынды зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.
Қойылым алдында мекеме басшысы Арман Алиев БАҚ өкілдеріне театрдың тыныс-тіршілігін таныстырды. Ал спектакльдің қоюшы-режиссері, театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Айдар Наурызбаев қойылым туралы, бастапқы атауы ауысқаны жайлы тарқатты. Басты рөлдерді сомдаушы театр әртістері өз рөлдері туралы баяндады.
Қойылым желісі басты кейіпкер – 49 жастағы облыс әкімнің айналасында өрбиді. Спектакльдің көркемдік идеясы – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл пьесаны театрдың қоюдағы мақсаты, сахна арқылы қоғамда кең тараған парақорлықты, жемқорлықты көрсету, яғни қоғамға рухани ой салу арқылы жемқорлықтың тамырына балта шабу. Өкінішке орай қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық қоғамымызда кең тараған. Ал театр әрқашанда қоғам ағымымен бірге ағып, қоғамда болып жатқан экономикалық немесе саяси, діни, әлеуметтік құбылыстарға өзіндік бағасын береді. Демек бұл спектакльдің сахнаға шығуы заңды құбылыс.
Драмалық спектакльді қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Қойылымның жарық жөніндегі суретшісі – Жанболат Рсимбетов, қоюшы суретші – Қанат Шериев. Композиторы – Қанат Жұмабаев. Тәжірибелі маман, костюм жөніндегі суретші – Меруерт Сейсембекова. Гримм бойынша суретші – Қарлығаш Сапарханова.
Басты рөлдерде Жасұлан Тұрғанбаев, Бағлан Төлендиев, Мұрат Құрманбеков, Шәкен Амантұров, Айдар Наурызбаев, Рауан Шырынбеков, Талғат Қарынбаев, Бақдәулет Шаймахан, Қанат Садықбеков, Нұржан Ізтаев, Жандос Маханов, Ғалымжан Жакипов, Ерқайрат Бимурзаев, Ғалымжан Бейсенбаев, Олжас Сәрсенов, Дәурен Жанәділов сынды таланттар ойнайды.
Айта кетейік, көрермен аталған премьераны ертең де кешкі сағат 19:00-де тамашалай алады.