ТҮРКІСТАНДА Қ.А.ЯСАУИДІҢ 930 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА ОРАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ

Түркістандағы «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубының ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдық мерейтойына орай қылқалам шеберлері және кәсіби, әуесқой фотографтар арасында «Көне мен келешек көпірі» атты халықаралық байқауы жарияланған болатын. Бүгін Түркістандағы «Этноауыл» қалашығында сол өнер бәйгесінің қорытынды іс-шарасы өткізілді. Аталған байқауға түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанның тарихы мен бүгінгі көрінісі бейнеленетін туындылар қабылданған.
 
«Байқаудың мақсаты – Түркістанның тарихи маңызын ашып, қатысушылардың ұлттық құндылықтарға деген ерекше құрметін, елжандылық, Отансүйгіштік сынды патриоттық сезімдерін қалыптастыру. Сондай-ақ, дарынды жастар шығармашылығына және әуесқой фотограф мамандығына жол ашу. Байқауға қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмады. Бүгін міне, ұсынған жұмыстары қазылар алқасының сұрыптауынан өткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер қорытынды кешке шақырту алып, марапаттау салтанатына қатысып отыр. Рухани астананың мәртебесін асырып, тарихын жаңғыртуға үлес қосқан барша азаматқа алғыс білдіремін!», – деді ауқымды іс-шара жайлы айтқан «Оқушылар сарайының» директоры Индира Икапова.


 
Атап өтсек, бұл байқауға Түркістан, Қызылорда облыстары мен Алматы, Орал, Атырау, Ақтау қалалаларынан 30-дан астам фотограф пен қылқалам шеберлері қатысқан. Ережеге сәйкес, байқаудың марапаттау салтанаты екі бағытта өткізілді. Біріншісі – көне және жаңа Түркістанның көрінісінен сыр шертетін фотосуреттер болса, екіншісі – рухани астананык келбеті бейнеленген қылқалам шеберлерінің картиналары.
 
Байқау нәтижесінде, «Фотосурет» номинациясы бойынша Серікболсын Шері бірінші, Жұмаханов Асыл екінші және Антон Лищенко мен Ұлпан Әбдірахман үшінші орынға ие болды. Ал, «Қылқалам шеберлері» номинациясы бойынша Темірбек Нұрмашев жеңімпаз атанса, Шаханбаев Мұрат екінші және Қинабаев Серік пен Рысымбетов Ержан үшінші орынды місе тұтты. Тиісінше, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы алғыс хат және қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған