«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП ЖОБАСЫМЕН 7 БІЛІМ ОШАҒЫ САЛЫНАДЫ»

Білім жүйесі мемлекетіміздегі ең маңызды салалардың бірі. Түркістан қаласындағы Адами әлеуетті дамыту бөлімінде айтарлықтай өзгерістер мен елеулі жетістіктер баршылық. Осыған байланысты қаламыздың бас ұстазы Оразкүл Шайхықызымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Оразкүл Шайхықызы, міне, жаңа оқу жылының аяқталуына да аз ғана уақыт қалды. Биылғы оқу жылында атқарған жұмыстарыңыз, жеткен жетісіктеріңіздің жайын білсек. Білім саласында қандай жағымды жаңалықтар, тың бастамалар орын алуда?

– Мемлекеттің білім беру саласына ерекше қолдау көрсетіп отырғанын оған бюджеттен бөлінетін қаржы көлемінен де аңғаруға болады. 2022-2023 оқу жылында қаланың білім мекемелерін қаржыландыруға 23 млрд. 993 млн. 56 мың теңге қарастырылған. Оның 10 млрд. 640 млн. 157 мың теңгесі – сала мамандарының айлық еңбекақысына, 677 млн. 984 мың теңгесі – білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және 6 млрд. 590 млн. 92мың теңгесі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік білім беру тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл аз ақша емес, мұның бәрі де мемлекеттің балалар болашағына жасап отырған қамқорлығы екендігі даусыз. Бүгінде Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты 61 білім беру мекемелері жұмыс жасауда. Саралап айтар болсам, 21 жалпы орта мектеп, 5 мектеп-гимназия, 3 мектеп-лицей, 2 ІТ мектеп-лицей, 1 мектеп-интернат, 1 мектеп-балабақша кешені, 1 кешкі мектеп. Олардың үшеуі ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан (Әмір Темір, Әл Фараби, Кешкі мектеп), 20 мектепке дейінгі мекеме яғни балабақша және 7 мектептен тыс мекемелер бар. Одан тыс, қаламызда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 27 мектеп, 87 мектепке дейінгі мекеме жұмыс жасауда. Мемлекеттік мектептердің 15-і қазақ тілінде, 12-сі қазақ-өзбек тілінде, 5-і қазақ-орыс тілінде, 2-і қазақ-өзбек-орыс тілдерінде оқытылады. Барлық білім ошақтары ішкі әжетхана жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ мектептер мен балабақшалар түгелдей көгілдір отынмен жылытылады.

– Мектеп пен балабақшада көбінесе әйел адамдар жұмыс істейді. Ұл баланың толыққанды қалыптасуына кері әсер тигізеді деп ойламайсыз ба?

– Қазақ қоғамының тағы бір проблемасы – бізде ажырасқан отбасылар көп. Ал жалғызбасты әйел қанша жерден мықты болса да ұлдарға әкенің тәрбиесін бере алмайды, оның табиғаты әйел. Сондай-ақ, кейінгі кездерге дейін ер адамдар мектеп, балабақша жұмысына араласпады. Өйткені олар отбасын асырайтын жандар ғой, көп табыс табуы керек, ал педагогтардің айлығы аз. Қазір Президенттің қолдауымен мұғалімдердің жалақысы да, мәртебесі де көтерілді. Сонымен қатар педагогтерге қойылатын талап та күшейтілді. Енді мектепке ер адамдар келе бастады. Бұл жақсы үрдіс, оған қуануымыз керек.

– Кейінгі жылдары мұғалімдердің мәртебесі айқындалып, айлық жалақылары да өсті. Соған байланысты талап та күшейтіліп, сапалық құрамы жақсарып келеді ме, қалай?

– Әлбетте, ұстаздар қауымына деген құрмет те, талап та уақыт озған сайын артып келеді. Уақыт өткен сайын бізге, яғни педагогтарға қойылатын талаптар да күшейіп келеді. Себебі, заман жаңаруда, білім іздеген озық жастарымыздың қатары өсуде. Қазіргі күні қала бойынша мектептердегі жалпы қызметкерлер саны 7002 болса, соның ішінде 4789-ы педагогтар. Бұл педагогтардың 4787-і жоғары білімді, екеуі арнаулы орта білімді. Ал, санаты бойынша саралайтын болсақ: 95 педагог-шебер, 912 педагог-зерттеуші, 953 педагог-сарапшы, 1164 педагог-модератор. Осыған орай, педагог-шебер санаты үшін – 50, педагог-зерттеуші санаты үшін – 40, педагог-сарапшы санаты үшін – 35, педагог-модератор санаты үшін 30 пайыз үстемеақы төленеді. Жалпы мұғалімдердің 55 пайызының біліктілік санаты бар.

2021 жылдың қаңтар айынан бастап білім мекемелеріне жұмысқа орналасу, бүлдіршіндерді балабақшаға, оқушыларды мектепке қабылдау және мектептен мектепке ауыстыру жұмыстары SMARTNATION.KZ жүйесіне ауыстырылған. Қазір осы жүйемен жұмыс жасап келеміз. Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау SMARTNATION.KZ порталы арқылы жүргізілуде.

– «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, балалардың талантының ерте ашылуына қандай қолайлы жағдайлар жасап жатырсыздар?

– Биылғы оқу жылы түркістандық оқушылар үшін табысты басталды деп айтуға болады. Қыркүйек айынан басталған білім бәсекелерінде оқушыларымыз елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсам, 11-сынып оқушылары арасындағы Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінде 3 оқушымыз жүлдегер атанып, қосымша іріктеуден өткен 2 оқушы республикалық олимпиадаға жолдама алды. Сонымен қатар, 5-6 сынып оқушылары арасындағы олимпиадада облыста алда болдық. Қатысқан 21 оқушының ішінен 15 оқушы жүлдегер атанып, 2 оқушы республикалық кезеңге қатысуға мүмкіндік алды. Бұл кезеңде де өз білімдерін дәлелдейтініне сенімдіміз. Оқушыларды өзіндік ізденіске, ғылымға баулитын облыстық ғылыми жобалар конкурсы мен «Зерде» жас зерттеушілер конкурсында да табыстарымыз айтарлықтай. Биылғы жылы ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде 11 оқушымыз жүлдегер атанса, республикалық іріктеуге қатысқан 2 оқушымыз өз жұмыстарын республикалық конкурста қорғайтын болды. Ал, «Зерде» жас зерттеушілер конкурсының облыстық кезеңінде 10 оқушы жүлде жеңіп алса, 3 жас зерттеушілеріміз республикалық кезеңге қатысады. Тағы бір айта кетерлігі, өткен аптада 9-11 сынып оқушылары арасындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың қалалық кезеңі өтті. Бір апта бойы жалғасқан олимпиадаға 14 пән бойынша 960 оқушы қатысып, білімдерін сынады. Олимпиаданың ережесіне сәйкес өз білімдерін дәлелдеп, қатарластарынан оза шапқан 446 оқушы жүлделі орындарды жеңіп алса, 138 оқушы ынталандыруға ие болды. Ал, 51 оқушы облыстық олимпиадада қаламыздың намысын қорғауға мүмкіндік алды.

– Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың қандай шаралары жасалуда? Қосымша білім беру бойынша қандай шаралар атқарылуда?

– Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және үйірмелерге тарту мақсатында қосымша білім беру бағдарламасы жалпы білім беретін мектептерде жүзеге асырылуда. Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектептерде 2021-2022 оқу жылында 33290 оқушы үйірмелермен қамтылса, 19100 оқушы спорттық секцияларға қатысты. 2021-2022 оқу жылында 7 қосымша білім беру мекемелеріне (Балалар мен жасөспірімдер орталығы – 1410 оқушы, Саз мектебі – 294 оқушы, «Ақжайық» музыкалық мектебі – 139 оқушы, Өнер мектебі – 72, Қолөнер мектебі – 273 оқушы, Жас туристер станциясы – 678, Оқушылар сарайы – 1188) 4054 бала жұмылдырылған. Жалпы, қала бойынша 38700 бала қосымша білім беруге қатысады. 5 мекемедегі қосымша біліммен қамтылған оқушыларға сынып бөлмелері жетіспейді. Атап айтқанда, Қолөнер мектебі, Балалар мен жасөспірімдер орталығы, Өнер мектебі, Жас туристер орталығы, Саз мектебі. Тіпті, 3 қосымша білім беру ұйымының (Саз мектебі, Өнер мектебі, Жас туристер орталығы) өз ғимараттары жоқ. Аталған білім беру ұйымдары «Халықтық кеңсе» ғимаратында орналасқан.

– Қаладағы қанша мектепке жөндеу жұмыстары өткізілді? Осы жазғы маусымдағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарында түйткіл көбірек секілді. Бұл жұмыстар қалай атқарылып жатыр?

– Адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектептердің көпшілігі тиісінше 2020 ағымдағы жөндеуге бөлінген қаржысына қарай Төле би атындағы №19 және М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектептері күрделі жөндеуден өткізілді. Сөйтіп жаңа оқу жылын оқушылар жаңарған мектептерде бастады. Мұның барлығы түркістандық оқушылардың игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар. Түркістан қаласындағы барлық мектептер жүз пайыз бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Видео жазбаны сақтау мерзімі кемінде 30 тәулікті құрайды. Мектептер арнайы күзетпен қамтамасыз етілмеген. Күзетуді қарауылдар мен вахтерлер жүзеге асырады. Мектептерге 2021 жылдың қыркүйек айында дабыл түймелері орнатылды. Білім ошақтарының 6,2 пайызы оқушылардың электрондық базасымен және турникеттермен қамтылған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қатаң қолға алынған.

– Жуырда ғана мектеп директорларын іріктеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы бұл үрдістің мақсаты мен нәтижесі қандай?

– Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын іріктеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығына сәйкес жүзеге асырып отыр. Қазіргі таңда 12 мектеп, 6 балабақша басшылары іріктелді.

– Мектептерде үш ауысымды оқу мәселесі бар, бұл бүкіл облыста бар проблема. Осы мәселе біздің қалада бар ма, болса қаншалықты деңгейде? Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы бойынша қандай шаралар атқарылуда?

– Білім саласы – өте өзекті, мол жауапкершілікті талап ететін саланың бірі. Салада атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Олар өз нәтижесін беріп те келеді. Дегенмен, өз шешімін күткен өзекті мәселелер де бар екендігін жасыра алмаймыз. Қазіргі таңда қалада үш ауысымда білім беретін 4 мектеп (№14 Қазыбек би, №23 Ж.Тәшенов , №2 Хамза, Е.Иззатуллаев мектептері), үш ауысымға өту қаупі бар 3 мектеп, (№11 Ж.Жабаев, №15 М.Жұмабаев, М.Әбенова мектептері) бар. Ең алдымен осы мектептердің мәселесін шешу жауапкершілігі тұр. Алғашқы кезекте қаладағы апатты жағдайда деп танылған Әмір Темір атындағы №3 мектеп ғимараты сүріліп жаңа мектеп салынуда, Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектебінің апатты ғимаратындағы оқушыларды сол мектеп жанына жаңадан салынған жекеменшік мектепке ауыстырылып, апатты деп танылған ғимарат жабылды. Сонымен қатар, өткен оқу жылы Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектеп, Ж.Тәшенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейі, Хамза атындағы №2 жалпы орта мектеп, Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы орта мектеп, М.Әбенова атындағы жалпы орта мектептері үш ауысымда оқығандығы да назар аудартатын мәселе. Сондықтан «Жайлы мектеп» жобасының қолға алынуы бізді де қуанышқа кенелтіп отыр. Осы жоба аясында халық көп шоғырланған, өсімі жоғары мөлтек аудан дардан қаламызда 7 мектеп салу жоспарлануда. Олардың ішінде 5 мектептің құрылысы биылғы жылы басталады деп отырмыз. Қажетті құжаттардың барлығы реттеліп, тиісті басқармаға ұсынылды. Бұл қаламыздағы жоғарыда аталған үш ауысымды мектептерді болдырмауға зор септігін тигізеді.

– Сұхбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан:
Азамат ӘЛІБЕК.

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған