ЕЛ БОЛЫП БІРІГІП, ЖҰРТ БОЛЫП ЖҰМЫЛЫП, ҚЫЗЫЛ СУДЫҢ БЕТІН БӨГЕДІ

Таулы өңірде тоқтамай жаңбыр жауса, жолындағы тоң мұз бен сірескен қарды бордай ерітіп, етектегі елге ентелейтін әдеті. Топан су Түркістан жұртын ақпан басында-ақ әбіберге салып үлгерді. Кентау мен Сауран, Ордабасы мен Бәйдібек аудандарында үйлер мен аулаларға су кірді. Абырой болғанда, ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылып, қызыл судың бетін бөгеді.

Ал көктемде қауіп күшеймесе, азаймайды. Содан бері өңірдегі тиісті сала мамандары  мен төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Жолшыларға да тыным жоқ. Соның бірі – Лутфулла Кенжаев. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалының инженері күре жолдардың күтіміне жауапты мекемелердің жұмысын қадағалайды. Айтуынша, су жүретін арық-атыз, көпір астындағы құбырлардың тазалығы – әсіресе, осы маусымда өте маңызды. Тыңғылықты тексеруді талап етеді.

Республикалық маңызы бар автожолдардың тазалығына «Казахавтодор», «Байтерек-Л.Б.» «ПК «Шымкентдорстрой», «ЕАСК «Евраскон» компаниялары жауапты.

Лутфулла Кенжаев жыл басынан бері 800 шақырым жол жүріп, күре жол бойындағы көпірлер мен құбырларды тексеріп шықты. Күл-қоқыс, қар мұздан аршылмай жатқан жерлерге қатысты 9 ескерту берілді. Жауапты мекемелер одан нәтиже шығарып, айтылған учаскелерді тазалап шықты. Дәлел ретінде «фотоесептерін» жолдады. Тасқынға қарсы амал-әрекет осындай.

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған