ТҮРКІСТАНДА 6250 БҮЛДІРШІН МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ

Бүгін 1-қыркүйек білім күніне орай Түркістанда барлық мектептер оқушылар үшін есігін айқара ашты. Облыс орталығында 34 мемлекеттік, 19 жекеменшік мектеп, 110 мектепке дейінгі және 7 қосымша білім беру ұйымдары жұмысын бастайды. Жалпы 2022-2023 жаңа оқу жылында 6250 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Ал, 2643 оқушы бітіруші түлек атанып отыр.

Білім күніне арналған салтанатты жиында Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебінде де дәстүрлі мерекелік алғашқы қоңырау соғылды. «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы шараға Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысты.

«Оқушылар мен ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Білім ошақтарының сәні кіріп, білімге құштар балалармен қайта қауышқанына мұғалімдер де қуанышты. Қаламыздың Құрметті азаматтары – Жарылқасын Әзіретбергенов пен Жарқынбек Құлбайымбетов зейнеттегі ұлағатты ұстаз ретінде оқушыларға ақ тілегін арнады. Былтыр ҰБТ тапсырған 1467 түлектің 54% ЖОО-ға гранқа түскенін мақтанышпен атап өткенім жөн. Биылғы түлектер де бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізеді деген сенімдемін», – деді Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы.

Айта кетейік, жазғы демалыс кезінде Төле би атындағы №19 және М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектептері күрделі жөндеуден өткізілді. Келесі жылға өтпелі болған құрылыс жұмыстары түркістандық оқушылардың игілігі үшін мерзімінен бұрын аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылында оқушылар енді жаңарған мектепте білім алатын болады.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ. 

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған